
Шайбалы хоккейден ерлер арасындағы ел біріншілігінде қатарынан жеті жеңілістен кейін Өскемендік "Алтай Торпедо" клубы қа йтадан жеңіс жолына оралды. Өткен матчта өскемендік өрендер рудныйлық "Горняк" құрамасынан 3:2 есебімен айласын асырды. Рудныйлықтар «Алтай Торпедо» құрамасынан көп ұпай алуға барынша тырысып бақты. Бірінші кезеңнің өзінде «Горняк» ойыншылары қарсылас қақпасына лап қойды. Толассыз шабуылдарымен алаң иелерін біраз есеңгіретіп тастағаны да бар. Екінші кезеңнің 22-ші минутында өскемендік команда есеп ашты. Қарсылас қақпасынан саңылау тапқан Жанғазинов болды. Небәрі сегіз минуттан кейін рудныйлықтардан Ахметалиев шайба авторы атанып, есепті теңестірді. Ал 33-минутта алаң иелері тағы да алға шықты. Таблодағы есепті өзгерткен Худяковтың шайбасы еді. Ойынның соңғы кезеңінде "Алтай Торпедо" құрамасы есепті 3:1-ге жеткізді. Бұл жолы көзге түскен Хоменко. "Горняк" хоккейшілері соңғы сиренадан 7 минут бұрын бір-ақ рет жауап бере алды. Қорытынды есеп 3:2. Алдағы уақытта «Алтай Торпедо» құрамасына бір апта үзіліс берілді. Содан кейін «Алматы» құрамасымен екі тартысты ойын күтіп тұр.