ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Жомарт жандар жақсылығы

13:32, 5 тамыз 2022

«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі». Екпін ауылының тұрғындары жерлестеріне ризашылықтарын осындай сөзбен білдіреді. Өйткені, «Ауылына қарап азаматын таны» деген жақсы атаққа лайық. Мұқтаж жандарға қамқорлық жасап, көмекке зәру адамды үнемі қолдайды. Жақында ғана ауылда тағы бір қайырымды іс болды.

Бас қайғысы баспана болған жандар үшін бұл күн естен кетпес. Өйткені, үйі болмаған адамның күйі де нашар. Екпін ауылындағы екі отбасы сүйіншіледі. Жақсы жаңалығы сол, жомарт жанның арқасында жаңа шаңыраққа ие болды. Енді отбасылар жайлы үйге енеді. Ауылдық округ әкімі Айбек Қараталовтың айтуынша, үй бөлуде әділетті шешім басты мақсат болды.

Үй беруде бала саны, тұрмыс жағдайы, үйге мұқтаждығы сияқты тұстар назарға алынды. Шешім атап өткен арнайы алқамен шығарылды. Қуанышы қойнына сыймай, «құтты болсынды» қабыл алып тұрғанның бірі – Мейрамбек Қамзаев.

 «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» деген халық даналығын Ақсуаттың атқамінерлері де жақсы түсінеді. Сондықтан, ешкімнің салын суға кетіргілері келмейді. Үш баланы жалғыз бағып-қағып отырған Майра Көккөзованы да елемей өтпеді. Жалғызбасты анаға баспана берілді.

Әрбір екіпәтерлік үйге шамамен 21 млн теңге қаражат жұмсалған. Қазіргі таңдағы сапалы құрылыс материалдары қолданыла отырып салынған. Былтырғы алған отбасылар ризашылықтарын білдіруде, себебі, тұруға ыңғайлы заманауи, дейді бас демеуші, меценат Дулат Тастекеев. Оның айтуынша, барлық коммуналдық желілер тартылған. Мұндай қайырымдылық жасау дәстүрге айналды.

Адамның адамнан айырмашылығы жақсылық жасау ісінде. Ал, осындай жомарт жандары барда Ақсуат ауданының тұрғындары ештеңеден қысылмаса керек.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар