ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Жігіттің сұлтаны

13:32, 23 қараша 2021

Глубокое ауданында «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Жігіттер өзара кіл мықтыны анықтады. Аталмыш жарыста жігіттердің білімі мен біліктілігі, сөз саптау, сөйлеу мәнері сарапқа салынды. Сайысқа қатысушылар жігітке жеті өнердің де аз екенін дәлелдеуге тырысты. «Жігіттің сұлтаны» – талантты да талапты, келбеті келіскен, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болуы шарт. Айта кетейік, байқау Глубокое ауданы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы шеңберінде өткен шараның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, көне салт дәстүрімізді жаңғырту.Жарысқа жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар 8 жігіт қатысып, бақ сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырды. Жан – жақты жігіттер байқау барысында қол күрестіріп, күш сынасты. Ал, төртінші кезеңде білекті азаматтар ұлттық өнерді дәріптеп, боз кілемде белдесті. Айта кетейік, байқауға басқа ұлт өкілдері де қатысты.Дүбірлі додада өзге жігіттерден дараланып, топ жарған -  Дарын Құмарбеков. Дарын Құмарбеков  байқауға жоғары дайындықпен келген. Оның сөзіне сүйенсек, әр бастаған іске үлкен жауапкершілікпен қарағанда ғана ол жемісін береді. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан Жігіт сұлтаны енді облыстық жарыста аудан намысын қорғайды.Өзге қатысушылар да түрлі номинациялар иеленіп, арнайы дипломдармен марапатталды.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар