
Глубокое ауданы тұрғындары да Жеңістің 77-і жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Іс-шара барысында жергілікті тұрғындар Мемориалға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, сүйікті әскери әндерді әуелете шырқады. Жиналғандар дәстүрлі «Шырақ жақ» акциясына қатысты.
Жиналған қауым соғыстан оралмағандарды еске алып, Мемориалға гүл шоқтарын қойды. Іс-шара барысында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді. Ел мен жерді қорғау үшін қан майданға аттанған 1 200 000 қазақстандықтың тең жартысы қайта оралған жоқ. Қаншама адам армияны керек-жарақпен қамтамасыз ету жолында жанқиярлықпен еңбектенді. Адамзат тарихындағы ең қайғылы қасірет әкелген сұрапыл соғыс жылдары ел жадында мәңгілікке қалады. Сондықтан да оңайлықпен келмеген Жеңістің мән-мағынасы мен құндылығы жыл өткен сайын артып келеді.
Ауданда соғыс ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіп, көмектесуден ешкім аянып қалмайды. Ең бастысы, әрқайсысына жеке дара көңіл бөлініп келеді.
Ардагерлер – біздің мақтанышымыз. Олар айтқан соғыс туралы естеліктер – баға жетпес құндылық. Олар өз көздерімен көрген тарихи оқиғаларды көпшілікке паш етеді.
Павел Стрехо қазір 96 жаста. Ұлғайған жасына қарамастан, қария әлі тың. Үй шаруасымен айналысып, отынды өзі жарады. Оның осындай ептілігі мен сергектігі көптеген жастарға үлгі. Еңбек ардагері, 3-дәрежелі «Даңқ», 1-дәрежелі «Отан үшін соғыс» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Десе де, қария үшін ең үлкен марапат пен мадақ – бүгінгі бейбіт заман.