ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Жаңа әлеуметтік нысандар

13:32, 3 мамыр 2022

Өскеменде аулаларды жөндеу, спорт алаңдарының сыртқы келбетін ретке келтіру және мәдени-демалыс орталығын ашу, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі Жақсылық Омар кезекті жұмыс сапары барысында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Қаладағы нысандарды аралау барысында шаһар басшысы Жақсылық Омар  Назарбаев даңғылы бойындағы аулалардың біріне жаңадан орнатылып жатқан хоккей алаңына барды. Жақсылық Омардың айтуынша, осы сынды жобаларға миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Себебі, қазіргі таңда аулаларды ретке келтіру тұрғындар арасында қызу талқыланатын мәселелердің бірі. Қала басшысы аталған жұмыстар жіті бақылауда болатынын айтып, өз ұсыныстарын мердігерлерге жеткізді.

Өскемендіктер аула ішіндегі жолдарға көп шағымданады. Әкім бұл проблемамен жете таныс, қалыптасқан жағдайды ретке келтіру бойынша тиісті тапсырмалар берілгенін де тілге тиек етті. Өткен жылы бұл мақсатқа 100 миллион теңге қарастырылып, 88 аула жөнделген. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Тұрғындардың өздері қандай жөндеу қажет екенін әкімдікке келіп түскен өтініштерінде көрсеткен. Осылайша, көптің сұрауы бойынша жұмыс жоспары құрылып, алдағы уақытта іске асырылмақ.

Ал Аблакетка шағынауданында жаңа мәдени-демалыс орталығы ашылды. Жергілікті тұрғындар онда Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өтті. Ғимарат ішінде балалар шығармашылығына арналған үйірмелер, жергілікті ансамблдердің жеке бөлмелері мен фитнес-зал ашу жоспарланған. Атап өтелік, бұл нысан бұған дейін де мәдени мақсатта қызмет еткен.

Жергілікті жердегі шығармашылық ұжымдар ендігі уақытта тың серпінмен жаңа белестерді бағындыруға жұмыла кірісе алады. Бұл үшін тиісті жағдай жасалды. Сонымен қоса шағын ауданда спортты дамытуға да зор мүмкіндік туды.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар