ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Жалақының жыры

17:15, 5 мамыр 2022

Өскемендегі №18 орта мектептің мұғалімдері базыналарын айтып, арнамызға хабарласты. Есепшінің бір жыл көлемінде жалақыны дұрыс аудармауының кесірінен, мектеп ұжымы зардап шегуде. Олар өздерін тығырыққа тіреп, қиындыққа душар еткен осы мәселеге назар аударуды сұрап отыр.  Себебі, мұғалімдер қазіргі таңда өздері жұмыс істеп жүрген мекемеге 5 миллион берешектері бар көрінеді.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы, оқушылардың өзіндік жұмысы, шексіз аттестация, қашықтықтан оқыту. Мектептегі ұстаздың күйзеліске ұшырауына себеп болатын жайттардың бұл біразы ғана.  Онсыз да білім саласындағы жыл сайынғы өзгерістерге бейімделіп үлгермейтін өскемендік мұғалімдер келеңсіз жайтқа тап болды. Нақтырақ айтсақ облыс орталығындағы №18 орта мектеп ұстаздары өздері еңбек етіп жүрген білім ордасына берешек болып қалған.Салдарынан педагогтердің ай сайынғы жалақыларының бір бөлігі төленбей, ұсталып қалып жатыр. Өйткені бұған дейін жұмыс істеген есепші бір жыл бойы қызметкерлердің ай сайынғы еңбекақыларын дұрыс аудармай келген. Яғни, ұжымның бір бөлігі жалақыны көп, ал біразы аз мөлшерде алып отырған. Қазіргі уақытта есепшінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істері тарапынан тергелуде.

Жалпы бұл мектепте 100-ден астам адам қызмет етеді. Алайда бұл күнде қалыптасқан жағдайға байланысты наразылықтарын білдіріп, ақшаларын қайтарып беруді талап етіп жүргендер саусақпен санарлық. Сондай-ақ, педагогтер өздерінің ай сайынғы жалақы мөлшерінен бейхабар болып шықты.

Есепшінің өз қызметіне жауапкершілікпен қарамауы салдарынан 20 миллион теңгеге жуық қарыз жиналып қалған. Бүгінде ұжым қызмкеткерлерінің біразы ақшаны қайтарып үлгеріпті. Мектеп директорының өзінде 350 000 теңге берешегі болған. Бүгінде алдағы төленуі тиіс делінген қарыздың мөлшері 5 миллион теңгені құрап отыр. Есепші жұмыстан шығарылған. Анықталғандай, 3 миллион теңге мектеп қызметкерлеріне төленбеген.

Светлана Варакина әрбір қызметкерін жекелей шақырып алып, мобильді қосымша арқылы әрбіреуінің есепшотына түскен қаржы аударымдарын тексеріп, қадағалағанын айтады. Бұл жағдайға байланысты қалалық білім беру бөлімі түсініктеме берді. Құзырлы орган басшысының айтуынша, мектептегі әрбір қызметкердің бір жыл бойы алып келген жалақысы тексеріліп, қайтадан есептелген. Туындаған мәселе бойынша мектеп директорына қатысты тәртіптік жаза қолданылады.

Қазіргі уақытта есепшіге қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Соған байланысты, әзірге қосымша ақпарат жария етілмейді. Арна тілшілері бұл жағдайды назарда ұстайтын болады.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар