
Жақында Өскемендегі Славский жағалауындағы үйлердің тұрғындары шағын саябақтың орнына тұрғын үй тұрғызуға қарсылық білдірген болатын. Енді сол тұрғындар әлдекімдердің өздерін үрейлендіру мақсатында пәтерлерінің алдына жерлеу рәсіміне арналған гүлдерді тастап кетіп жүргенін айтады. Толығырақ келесі бейнематериалда. Көпқабатты үйдің құрылысына қарсылық білдірген тұрғындардың наразылығы жайлы бұған дейін айтқан болатынбыз. Қазір мәселені көтерген кейбір белсенділерге белгісіз біреулер қоңырау шалып, қорқытуды шығарыпты. Тұрғындар полицияға арызданғанын жеткізді. Олар да бұл ақпаратты растады. Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше рет қала әкімдігінде қабылдауда болған. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ал қалалық әкімдіктегілер құрылыс салушының барлық рұқсат құжаттары бар екенін түсіндірді. Тұрғындар болса өздері және жақындары үшін алаңдаулы.