
Бұған дейін белгілі болғандай елдің барлық өңірлерінде бұзақылардың қолдауымен арандатушылар ұйымдастырған тәртіп бұзушылықтар, вандализм, тонаушылық әрекеттер болды. Облыстық Терроризмге қарсы күрес штабы берген ресми ақпар бойынша елде болған бұзақылық салдарынан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орындардың жүздеген қызметкері зардап шекті. Құқық қорғау және арнайы органдардың бірқатар қызметкерлері қаза тапты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болған тәртіпсіздіктерді заңмен қатаң жазаланатын лаңкестік акт деп атады. Қазіргі уақытта елде, оның ішінде ШҚО-да лаңкестік актілердің алдын алу мен оларды оқшаулау мақсатында 6 қаңтардан бастап, «Антитеррорлық операциялар» режимі енгізілді. Түнгі 23.00-ден бастап таңғы 07.00-ге дейін коменданттық сағат белгіленді. Облыстық Терроризмге қарсы күрес штабы тұрғындарға түсіністікпен қарауды және қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауды сұрайды. Арандатушылыққа ермеуді және барлық тәртіп бұзу фактілер туралы Ішкі істер органдарына дереу хабарлауды ескертеді.