ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Тәнге шипа, жанға дауа Алакөл

17:15, 4 тамыз 2022

Қазақстанның жауһарларының бірі – Алакөл. Үржар ауданындағы көл елдегі су айдындарының көлемі жағынан екінші орынды алады. Суының емдік қасиеті де халық арасында кең тараған. Көркі бөлек, аты аңызға айналған бұл мекенге демалуға қазақстандықтардан бұрын, шетелдіктер жиі келетін болған.

Жыл сайын көл жағасында миллиондаған адам демалады. Көлдің бойында жүздеген демалыс орындары мен пансионаттар орналасқан. Көңіліңіз қалағанын таңдауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта Алакөлдің демалыс аумағы абаттандырылып, ерекше әсем келбетке енуде. Мұнда туристерге барлық жағдай жасалуда. Орталықта түрлі атракциондар, аквапарк, сауда орындары бар.

Алакөл суының емдік қасиеті әсіресе, таңғы сағат 4 пен 6-ның арасында шипасын береді, дейді. Себебі, дәл осы уақытта әлі күн шықпай тұрып, таң атып келе жатқанда судың бетін жұқа йод қабаты жабады екен. Ал йод және т.б. минералдардың қажетті мөлшерде ағзаға сіңуі денсаулыққа пайдалы. Сондықтан, көлге осы уақыт аралығында түскен пайдалырақ. Алакөлдің тұзды суынан Менделеев кестесіндегі біраз элементтерді кездестіруге болады. Бұл өз кезегінде көптеген ауруға ем. Тек суы ғана емес, күкіртсутекті балшықтар да, минералды тұздарға бай құрғақ таза ауасы да шипа.

Табиғаты талайды тамсандырған Алакөлге көпшілік тек демалу үшін ғана емес, айтқандай ем іздеп келеді. Тіпті, шетелдік туристер арнайы осы жерді таңдайды. Көлдің суы шаршауды, нервоздықты жоюға, буындардағы ауырсынуды басуға көмектеседі. Демалушылардың көбеюі аймақтағы туристік нысандардың дамуы мен инфрақұрылымының жақсаруына да ықпал етуде. Алакөл – малтатас және қиыршық таспен тегістелген жағажайы бар әлемдегі жалғыз көл.

Алакөлді одан әрі дамыту, көркейту жұмыстары әрмен қарай да жалғаса бермек. Алакөлдің маңында келушілерге арналған мұражай да жұмыс істеп тұр. Мұнда рухани азық алып, тарихтан сыр шертіп қайтуға болады. Осылайша, демалыс орны күннен күнге үздік туристік орталыққа айналуда.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар