
Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына дайындық деңгейі қандай? Қай аудандарды су басу қаупі бар? Төтенше жағдай саласының мамандары бұған әзір ме? Бұл сұрақтарға Өскеменде өткен брифингте жауап берілді. Облыстық төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің айтуынша, өңірде 21 мыңнан астам тұрғыны бар 121 қауіпті аумақ бар. Қар ери бастағанда 94 елді мекенді су басуы мүмкін. Қазіргі уақытта құтқарушылар алдын ала дайындық жұмыстарына көшкен. ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов әсіресе Өскемен қаласы, Алтай, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое, Шемонаиха, Көкпекті мен Бородулиха аудандарында тасқын қаупі бар дейді. Облыста көктемгі тасқынның алдын алу шараларына 3000-ға жуық адам, 2000-нан астам арнайы техника, 37 мотопомпа бөлінген. Бұл мәселе - тікелей облыс әкімінің қадағалауында. Сондай-ақ, мамандар тұрғындардың газ пешін дұрыс қолдануларына жете мән берулері керек екенін ескертеді. От жаққанда иіс тиіп уланып қалмау үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау маңызды. Бүгінде облыс әкімдігінде тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет есебінен қауіпсіздік датчиктерін орнату мәселесі талқылануда. Осы құрылғыларды орнатудың нәтижесінде құтқарушылар бұған дейін 28 адамның өмірін сақтап қалған.