ШҰҒЫЛ! РИДДЕР, БІЗ БІРГЕМІЗ! Толығырақ

СЕМЕЙДЕ ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ КӨБЕЙГЕН

13:40, 25 ақпан 2021

Семейде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің саны артты. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 84 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Осы орайда қалада зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының болмауы өзекті мәселеге айналып отыр. Сонымен қатар, құқық қорғау саласының өкілдері отбасылық агрессорларды оқшаулайтын арнайы орындардың қажет екендігін айтуда. 28 жасар Алуа екі қыздың анасы. Отбасындағы жиі жанжалдан шаршаған ол, балаларының қамы үшін үйден кетуге мәжбүр болады. Бірақ барар жер,  басар тауы болмағаннан кейін «Аналар үйіне» тұрақтауды ұйғарған. Өйткені қалада тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген аналарға  арналған дағдарыс орталығы жоқ. Алуа «Аналар үйінде» бір жарым айдан бері тұрады. Мұнда оған психологиялық көмек көрсетіліп, ажырасу мен алимент тағайындау бойынша қажетті құжаттарды рәсімдеуге жәрдем берілді. Ең бастысы, бұл жерде қыздарым  өздерін қауіпсіз сезінеді, - дейді жас ана.  Мұндай көмекке мұқтаж жалғыз Алуа ғана емес. Сондықтан мақсатты аудиториямыз отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдер болмаса да, мұндай аналарға ең алдымен балалары үшін көмектесуге тырысамыз,- дейді аналар үйінің өкілдері. Жаңа жылдан кейін зорлық-зомбылық көрген 7 әйел «Аналар үйін» паналаған.  Айнагүл Нұртазинаның айтуынша, мекеменің көмегіне жүгінген кейбір әйелдер жұбайымен татуласып, отбасын сақтап қалған жағдайлар да кездеседі. Басты мақсат - әйелдерге өзін қауіпсіз сезініп, бейтарап жерде саналы шешім қабылдауға мүмкіндік беру. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға көмек көрсету үшін, қалаға арнайы дағдарыс орталығы қажет екенін полиция қызметкерлері айтып отыр.   Полиция басқармасының хабарлауынша, Семейде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар саны өскен. Жыл басынан бері 84 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 294 қорғау ұйғарымы шығарылса, оларды бұзғаны үшін 34 адам жауап берген.

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар