ШҰҒЫЛ! Кенеден қалай қорғану керек? Толығырақ

РИДДЕРДЕГІ АЛАПАТ ӨРТ

13:38, 11 мамыр 2021

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында төтенше жағдай жарияланды.  Кеше осы шаһарға қарасты Лесхоз кентіндегі орман өртке оранды. Қызыл жалын шарпыған аумақ 310 гектарды құраған. Қатты желдің екпінінен тілсіз жау елдімекендерге лезде жетіп, сол аумаққа жақын орналасқан 35 үйдің төбесін ортасына түсірді. Өкініштісі сол, өрттің кесірінен 1948 жылы туған жергілікті тұрғын қаза болып, 1949 және 1980 жылы дүниеге келген екі ер адам ауруханаға жеткізілген. Әуелі 2 гектар аумақты шарпыған өрт жазық даладан бастау алып, желдің күшімен елдімекендерге қарай ойысқан. Риддер орман шаруашылығындағы төтенше жағдай туралы Лесхоз кентінің тұрғындары хабарлаған.  Кешкісін тілсіз жау Лесхоз кентіне өтіп, алғашында 14 үйді отқа ораған. Небәрі 4 сағаттың ішінде қызыл жалын жазықтан орманға жетіп, 310 гектарды шарпып үлгерді. Төтенше жағдай министрлігі өрт кезінде бір адамның көз жұмып, екі адамның жансақтау бөліміне түскенін хабарлады. Айтып келмеген апатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Сол күні кешкісін аймақ басшысы Даниал Ахметов Лесхоз кентіне барып, тұрғындармен кездесті. Апат салдарынан болған шығынды өтеу мақсатында Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан  жан-жақты қолдау мен көмек көрсетілетінін жеткізді. Облыс әкімі алдын ала есеп бойынша тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін екі жарым ай уақыт қажет екенін айтты. Қазіргі уақытта расталған ақпаратқа сәйкес 35 үй мен 9 ғимарат өртенген. Ал қызыл жалынды ауыздықтау үшін өрт сөндірушілерге орман күзетінің МИ-8 және МИ-2 тікұшақтары көмекке келген. Әуеден 17 мың текше метр су шашылған. Ал өрттен зардап шеккендерге Риддердегі Агротехникалық колледждің жатақханасы мен профилакторий базасында  қоныстандыру үшін арнайы орындар ұйымдастырылды. Алдағы екі-үш күнде өрттің себебі анықталмақ. Ал мүліктік шығындардың төлемі заңға сәйкес жүзеге асырылмақ. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, шығын көлемі анықталады. Қазіргі таңда осы жағдайға қатысы бар болуы мүмкін деген күдікті азамат ІІБ жеткізіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оқиға бойынша ҚР ҚК-ің 204-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары басталды. Тергеу тобы куәгерлер мен бейнетаспаға түскен жазбаларды, өзге де дәлелдерді тексеріп жатыр.


 

Тақырып бойынша материалдар

Кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істейтін полицей
13:44, 10 маусым 2021
Кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істейтін полицей
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

Өскеменге «Тәуелсіздік монументі» қойылады
13:36, 8 маусым 2021
Өскеменге «Тәуелсіздік монументі» қойылады
Толығырақ...