ШҰҒЫЛ! РИДДЕР, БІЗ БІРГЕМІЗ! Толығырақ

ПОЛИГОН ЖАБЫЛҒАНЫМЕН МӘСЕЛЕЛЕР ӘЛІ ДЕ БАР

13:38, 16 сәуір 2021

Мәжілісі депутаттары Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы депутаттық сауал жолдады. Жуырда Семейде халық қалаулыларының, қоғам қайраткерлері мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің қатысуымен полигон салдарын бастан өткергендерді әлеуметтік қорғау шараларын қайта қарау және медициналық қолдау бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында онлайн-бейнеконференция өтті. Соңғы 30 жылдың ішінде ядролық сынақтардан зардап шеккен халықты оңалту мәселелері әлі күнге дейін шешілмей келеді. 1991 жылы Қазақстанда «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң қабылданды. Онда халыққа қосымша жалақы төлеу, ақы төленетін демалыстар мен зейнетақыларға экологиялық үстеме ақы тағайындау сынды жеңілдіктер қарастырылды. Бірақ 1997 жылы заңға түзетулер мен өзгерістер енгізілгенен кейін жеңілдіктердің көбі алынып тасталды. 2002 жылы халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік ғылыми автоматтандырылған медициналық тіркелімді құру бойынша жұмыс басталды.  Онда полигон куәлігі бар тұрғындарды тіркеу жүргізіледі. Құжатта әр зардап шегушінің тұратын аймағына және тұрған уақытына байланысты сәулелену дозасы жеке-жеке тағайындалды. Бұл санатқа 300 мыңға жуық азамат кірді. Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры Талғат Молдағалиев бейнеконференцияға қатысушыларды осы маңызды құжатпен таныстырды. Өкінішке қарай, бұл реестрдегі жұмыс аяқталмай қалды . Тиісінше зардап шеккендердің нақты саны және олар алған радиациялық доза туралы сауалдар әлі де ашық күйінде қалып отыр.  Мұнымен қоса аталмыш тіркелім ресми атаумен заңдастырылмаған. Дөңгелек үстелге қатысушылар «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін негізгі проблемаларды атап өтіп, оларды шешу жолдарын талқылады. Мәжіліс депутаты Александр Милютиннің атап өткеніндей, халық қалаулыларының бастамасымен заңды жетілдіру бойынша ұсыныстарды жинайтын жұмыс тобы құрылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде Семей полигонының жабылуының 30 жылдығы үлкен тарихи оқиға екенін атап өткен еді. Осыған байланысты ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен тұрғындар - мемлекет тарапынан лайықты назар аударылып, әлеуметтік қолдау көрсетіледі деп үміттенеді.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар