
Шығыс Қазақстанда коронавируқа шалдыққандардың саны артуына байланысты сақтық шаралары да қатаң бақылауда. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін мобильді бригадалардың жұмысы да қайта жанданды.
Қауіп қайта төнген тұста вирус жұқтырғандар оқшау ортада қажетті медициналық көмек алуы үшін өңірде науқастарға амбулаториялық бақылау жасайтын мобильді бригадалар құрылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, мұндай бригадалар өз аумағындағы қоңырауларға жауап беріп, таңғы 8 бен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді.
Мобильді бригадалар жедел респираторлық вирустық инфекция, тұмау, коронавирус, пневмония белгілері пайда болған кезде науқастардың үйіне барып, ПТР-тест алады. Сонымен қатар, диагноз қою үшін мұқият медициналық тексеріс жасалады. Халық үшін бұл қызметтер тегін.
Айта кетейік, егер емделушіде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі бойынша сұрақтар туындап жатса, «1406» байланыс телефоны арқылы хабарласып немесе Telegram-дағы Qoldau 24/7 және SaqtandyryBot мобильді қосымшалары арқылы жауап ала алады.