
Шығыс Қазақстан облысында ақпанның 15 мен 19-ы аралығында «Мигрант» жедел алдын-алу шарасы жүргізілуде. Үш күнде облыс бойынша 33 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңға қайшы әрекет еткен азаматтардың кейбірі ҚР аумағынан шығарылды. «Мигрант» жедел алдын-алу шарасына Өскемен қалалық полиция басқармасынан 77 қызметкер жұмылдырылған. Қоғамдық тәртіпті күшейту мен заңсыз ел аумағына өтушілерді анықтау шараның басты мақсаты. Полиция қызметкерлері учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде аулаларды, пәтерлер мен жатақханаларды аралады. Уақытша және тұрақты мекен-жайлары бар барлығы 1677 азамат тексерілді. Олардың 417-сі уақытша тіркеудегі шетелдік азаматтар болса, 1260 тұрақты мекен-жай бойынша тіркелген. Рейдтік шара барысында ел аумағында заңсыз жүрген, құжаттарында белгіленген мерзімдері өтіп кеткен және өзге де өрескел заңбұзушылықтың түрлері анықталды.