ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Қымбатшылық қысып тұр

13:32, 1 тамыз 2022

Күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы күннен күнге шарықтап барады. Бағаның күннен күнге өсуіне  тұрғындар жағы наразылықтарын білдіруде. Ал облыс орталығында құрылған арнайы мониторингтік топ мүшелері кезекті рейдке шықты. Шара барысында әлеуметтік тауар бағасын негізсіз көтерген сауда орындарының иелеріне бірнеше ескертулер жасалды.

Әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының негізсіз шарықтауы қала тұрғындары үшін үйреншікті жағдайға айналғандай. Ал оның пұлы қол жетімсіз болған жағдайда, тұрмыстың құты қашары анық. Тұрғындар қазірдің өзінде қымбатшылық қалтаны қағып тұр дейді.

Аталған мәселені шешу үшін облыс орталығында мониторингтік топ  құрылған болатын.Оның құрамында  «Аманат» партиясы Өскемен қалалық филиалы, партия жанындағы қоғамдық бақылау комиссиясы және салалық басқарма қызметкерлері бар. Олар бұл жолы қаладағы ірі және шағын сауда орындарында азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Мамандардың айтуынша, сөрелерде азық-түлік бағасы жазылу міндетті. Жоқ  болған жағдайда сатып алушы жүкқұжат парағын талап етуге құқылы. Себебі, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауарға 15 пайыздан артық үстемақы қосуға болмайды.

Жүргізілген мониторинг барысында, саудагерлерде қолында болуы тиіс, талап бойынша бекітілген құжаттардың өзі жоқ болып шықты. Басты құжаттардың бірі саналатын санитарлық кітапшаны бірі сөмкесінен, бірі қалтасынан ал кейбірі ұмытқанын айтып, мазалары қашты.

Азық-түлік мәселесі және оның құны қашанда көптің назарынан тыс қалған емес. Баға тұрақтылығы бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда тұтынушылар мониторингтік топ мүшелеріне хабарласуларына болады.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар