ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Көмір қоры жеткілікті

17:15, 10 қараша 2021

Зайсан ауданында жылыту маусымы басталған тұста көмір жетіспеушілігі мәселесі тұрғындар арасында жиі көтерілген еді.  Аудан азаматтары қатты отыннның сапасы төмен, оны саудалайтын арнайы қоймаларға барсақ бос тұрады деп шағым айтқан болатын. Ал, қазіргі таңда Кендірлік кен орнында көмір өндіру қарқыны қайта жанданып, аудан тұрғындарына қажетті мөлшерде жеткізіліп жатыр.   Зайсан ауданында соңғы жылдары газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанымен, әлі де қатты отынды пайдаланып отырған елді мекендер бар. Ауданға қарасты бірнеше ауылдағы ағайын көмір жетіспеушілігінің қиындығын көріп, жергілікті билік өкілдерінің табалдырығын талай тоздырған. Халықтың сұранысына байланысты көмір өндіру жұмыстарымен айналысатын мекеме қызметін жандандырды. Материалдық-техникалық базасын жаңартты, көмір кенішіне апаратын жолдар ретке келтірілді, жүргізушілердің де саны артты. Біраз уақыт жұмысы көңіл көншітпеген мекеменің тамырына қан жүгіргендей. Кен орнындағы 3 аумақ іске қосылса, Зайсан ауданының 80 пайызға жуық тұрғыны көмірмен қамтамасыз етіледі. Бұл 3 айға жуық уақыт қатты отын жетіспеушілігі мәселесін туындатпауға сеп болмақ.  Өндірістік учаскенің бастығы Алексей Проскуряковтың айтуынша қазіргі уақытта техника мен мамандар тапшылығы жоқ. Ал көмірдің бағасына келер болсақ қатты отын кен басында 12 мыңнан, аудан орталығындағы қоймада 15 мыңнан саудаланып жатыр. Бағаны екі ортадағы алып сатарлар көтеріп жатыр дейді, Кендірліктегі кен орнының басшылығы.

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар