
Шығыс Қазақстан елімізде қойдың саны бойынша үшінші орында. Алайда бұл салада түйіні тарқамаған мәселе жетерлік. Жақында облысымыздағы қой өсірушілер мен өндірушілер қой жүніне салынатын баж салығын алып тастауды сұрады. Тіпті кейбір өндіріс орындары шығынға ұшыраған. Ал аймақтың кәсіпкерлер палатасының өкілдері не дейді? Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары қой санының өсуі байқалады. Бұған себеп - асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне енгізілген түзетулерге байланысты субсидияның екі есеге артуы. Сондай-ақ өңірдің кәсіпкерлері кеден салығының жоғары болуы шетелге экспорт жасауға кедергі дейді. Әсіресе Қытай мемлекетімен. Олар бұл мәселені республикалық деңгейде көтеріп келеді. «Өнімді экспорттаған кезде кедендік баж салығын төлеуіміз керек, ал бұл қомақты сома болғандықтан, біздің өнім бірден қымбаттай бастайды және бәсекеге қабілетсіз болып қалады» дейді сала мамандары. Біз Абай ауданындағы жүн өңдеу кәсіпорындарының біріне хабарласып, мәселенің мән-жайын білдік. Кәсіпорын өкілдері өнімді сатуда қиындықтар көп екенін жеткізді. Қой жүнін өндірушілер кеден салығын жеті жылға шегеруді сұрайды. Жақын арада ведомствоаралық комиссия мен республикалық бюджеттік комиссия кәсіпкерлер Ұлттық палатасының бұл ұсынысын қарайтын болады. Біздің бастамамыз мақұлданады деп ойлаймыз, дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасының өкілдері.