
Өткен жылы карантиндік шараларға байланысты тауарларға мониторинг тұрақты түрде жүргізілмеді. Соның салдарынан кәсіпкерлер қауіпсіздік нормаларына сай келмейтін өнімдерді әкелген. Бүгінде бұл өнімдер сатылымда жүр. Өнім қауіпсіздігі мониторингінің аясында аймаққа әкелінген 1110 түрлі тамақ өнімдерінің сынамасының 20 пайызы талаптарға сай еместігі анықталды. Зерттеуге азық-түліктің негізгі топтарының барлығы алынған. Сүт, ет, құс еті және балық өнімдерінен бастап, кондитерлік, нан-тоқаш, балалар тағамдары, шырын өнімдері, энергетикалық, алкогольді, алкогольсіз сусындар мен басқа да өнімдер қамтылған. Мониторинг барысында қолдануға қауіпті деп танылған өнімдер де анықталған. Өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу кезінде анықталған талаптарға сай келмейтін өнімдердің тізілімі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында орналастырылған. Сондай-ақ өнім туралы ақпаратты мобильді қосымшаға өнім штрих-кодын енгізу арқылы біле аласыздар.