
Қала әкімі Жақсылық Омар Меновное кентінің тұрғындарымен кездесу барысында ықшам ауданның инфрақұрылымын дамыту жайында айтты. Сондай-ақ, жергілікті халыққа кентті көркейтуге қатысты жаңа жобалар таныстырылды. 2020 жылы Меновное кентінде бірнеше жоба жүзеге асқан болатын. Барлығы қала іргесіндегі ықшам ауданның инфрақұрылымын жандандырып, абаттандыру шараларын қолға алуға бағытталған. Соның бірі ықшам ауданның инженерлік желілерінің қайта қалпына келтірілуі. Қала әкімімен кездесуде Янушкевич көшесінің тұрғындары өз өтініштерін жеткізді. Олардың айтуынша, аулаларында балаларға арналған ойын алаңы жоқ. Сондықтан, шаһар басшысынан «Менің аулам» бағдарламасына қатысуға қолдау көрсетуді сұрады. Жақсылық Омар ақпан айының соңына дейін «Менің аулам» бағдарламасына қатысуға өтініштер қабылданатынын айтты. Комиссия жуықта оны қарайтын болады. Биыл Меновное кентінде ірі жобалар жүзеге аспақ. Айналма магистраль аумағында су құбырларын орнату жұмысы жүргізілмек. Кооперативная, Тәкежанов пен өзге де аулаларда көше жарықшамдары орнатылады. Бұған қоса 2021 жылы ықшам ауданның бірқатар көшесінің жолдары жөнделмек.