ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Дара озған Дарын

17:16, 3 тамыз 2022

Италияның Рим қаласында шығысқазақстандық еркін күрес шебері ерледі. Тарбағатайдың тумасы Дарын Әскербек ел үмітін ақтап, биік тұғырдан көрінген еді. Спортшының жеңісі жанын шүберекке түйіп, жанкүйер болған халықты бір марқайтты. Кеуделерін мақтаныш кернеп, балаша қуанған ағайын алтын ұлдарын асыға күтіп алды.

Баласы бәйгеге шапса, үйде отырып тақымын қысатын халық перзенті жүлделі болғанда, тіпті жер-көкке сыймайды. Солай болатын жөні бар. Алтын асықтай ұл – Дарын Әскербек Италияда өткен еркін күрестен әлем чемпионатында 17 жасқа дейінгілер арасында 55 келіде топ жарды. Әне-міне ұшақтан түсетін жеңімпазды көруге келген жұрт толқу үстінде. Әсіресе, Дарынның әжесі қобалжулы. «Немерем жарысқа кеткеннен бастап Құдайдан аман келуін, жеңіспен оралуын сұрадым, дұғам қабыл болды», дейді.

Дарынның ата-анасы да осында. Алыстан ат терлетіп бауыр еті балаларын олар да көруге ынтық. Бастысы «тіл-көзден сақтасын» деп тілейді.

Ал, дарынды ұлдың анасының айтуынша, әу баста ұлының күреске деген құлшынысын құптамаған. Баласын бозкілемде емес, білім саласында білікті маман ретінде көргісі келген.

"Жаттығуда қиын болса, жарыста жеңіл болады" Дарынның жаттықтырушыларының ұстанымы осындай. Ерен еңбек қана жемісін беріп, жеңіске жетелейді. Жеке бапкері Жанболат Мағзұмовтың айтуынша, балуанның жарыс алды бабы келісіп тұрды. Сәл бақ қана керек еді.

Дарын Германия, Өзбекстанның мықтыларын бозкілемде ұршықша иірді. Армениялық Арена Серобянды да алып ұрды. Ал, ақтық белдесуде АҚШ балуаны Джаксен Патрик Форрестомнан ұпай санымен ұтылып жатып, соңында айласын асырды. Нағыз балуан алып та, шалып та жығу керек. Мені жеңіске жетуге ұмтылтқан намыс, қалай да болсын сенімді ақтау керек деген ой, дейді спортшы.

Күрес - қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрі. Бірақ, көптен бері күрес шеберлері күміс, қоламен риза қылып келді. Енді, Дарындай спортшылардың арқасында жеңісті жол жалғасады деген сенімде жиналған жұрт.

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар