ШҰҒЫЛ! Темір жол бойындағы қауіпсіздік Толығырақ

Ауыз сумен қамту

13:32, 13 қыркүйек 2021

Су – тіршілік көзі. Мемлекет басшысы Жолдауда осыған ерекше тоқталып, болашақта БҰҰ-мен болжанып отырған жаһандық су тапшылығына қарсы шараларды қабылдау керектігін баса айтты. Президент өз сөзінде «Ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деді. Шығыс Қазақстанда ауылдарды ауыз сумен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Оның ішінде Ұлан ауданы да бар. Ұлан ауданында бірнеше ауыл былтырдан бері су жүйесіне қосылса, қосымша бірқатар елді мекенге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Ұлан аудандық Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Руслан Қисембинов жұмыс мемлекеттік бағдарлама аясында орындалып жатқандығын айтады. Арслан Ағланбеков – Аблакет ауылдық округінің әкімі. Өзіне қарасты елді мекендердегі су мәселесімен жақсы таныс азамат өткен жылы Мамай батыр ауылының аулаларына дәл осылайша су тартылғанын сөз етті. Қазір ол ауылда жағдай бұрынғыдан басқаша. Сондай-ақ, округ әкімінің айтуынша, су тарту жұмыстарымен айналысушы ұйымның міндеті су құбырларын үйлеріне дейін жеткізіп беру. Ары қарай әр тұрғын өз қаржысына суды үйіне тартқыза алады. Ал, әкімдік жасап отырған көмек – кезекте тұрған отбасыларға су үйіне тегін кіргізіледі. Ол үшін тұрғын жергілікті атқарушы органдар тізімінде болуы тиіс.  Мердігерлік ұйым директорының орынбасары Сымбат Кітапбаевтың сөзіне сенсек, резервуарларды салу жұмысы ойдағыдай. Әзірге ешқандай қиындық байқалмайды. Қазіргі таңда құрылысшылар су жинайтын орындармен айналысып жатыр. Сумен қамтамасыз ету – жергілікті әкімдікті, ауыл тұрғындарын көптен бері мазалаған мәселе. Енді бұл жұмыс аяқталса, әр тұрғын суды емін-еркін керегіне жарата алады. Құрылыс нысанының қуаты барлық ауланы қамтуға әбден жеткілікті. Нысанды толығымен аяқтау 2022 жылға жоспарланған. Екі су жинау резервуары да толық аяқталған соң жұмыстың үлкен бір бөлігі мәресіне жетті деуге болады дейді құрылысшылар. Әйтсе де, жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Сағыр ауылынан өзге елді мекендердегі су құбырларын тарту жұмыстары аяқталған кезде аудандағы 46 пайыз тұрғын, яғни 31 мыңнан астам адам орталықтандырылған суға қосылады. Бұл Ұлан ауданындағы елді мекендердің 73 пайызы. Ал, 2022 жылы Пролетарка, Жоғарғы Тайынты, Ізғұтты Айтықов және Баяш Өтепов ауылдарында су желілерін салу жоспарда тұр.

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Пайдаланылмаған жер кері қайтарылады
13:38, 17 қыркүйек 2021
Пайдаланылмаған жер кері қайтарылады
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

Мектептерде санитарлық талаптар сақталған
13:30, 17 қыркүйек 2021
Мектептерде санитарлық талаптар сақталған
Толығырақ...
Пайдаланылмаған жер кері қайтарылады
13:38, 17 қыркүйек 2021
Пайдаланылмаған жер кері қайтарылады
Толығырақ...