
Ақсуат төрін екі күн жырға бөлеген дүбірлі айтыс өтті. Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан "Асыл домбыра" айтысы өз мәресіне жетіп отыр. Қазылар алқасының көңілінен шығып асыл тастармен көмкерілген домбыраны биыл танымал ақын Ринат Заитов ұтты.
Халықаралық ақындар айтысы қалың елді шулатып, халықтың сөз өнеріне деген шөлін бір қандырды. Сайдың тасындай іріктелген 16 ақын сайыстың басты жүлдесі – «асыл домбыра» үшін бақ сынасты. Бас жүлдені жеңіп алу үшін ақындар кемі 4 рет айтысады. Бұл үлкен қажырлықты талап етеді. Жыр доданың басты ерекшелігі айтыскерлердің жұбы жұрт алдында жеребемен анықталып отырды.
Аламан айтыстың «Тұғыры биік –Тарбағатайда» өтуі – өлкенің мәдениетінің биік деңгейде екенін көрсетеді дейді,- Досхан Жолжақсынов.
Он мыңнан астам көрермен тамашалаған айтыстың бас жүлдесі асыл тастармен безендірілген домбыра мен автокөлікті Ринат Зайытов иеленді.
Ал, айтыс сахнасында өзіне тән өрнегі бар қызылордалық Мұхтар Ниязовқа «Асылтас» стипендиясы бұйырды.
Еліміздегі ең жүйрік деген ақындардың көбі қатысқан бұл дода алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.