ШҰҒЫЛ! РИДДЕР, БІЗ БІРГЕМІЗ! Толығырақ

«ASHYQ» ҚОСЫМШАСЫНДА КЕМШІЛІК КӨП

13:30, 30 сәуір 2021

Әлеуметтік желілерде "Ashyq" пилоттық жобасының төңірегінде дау толастамай тұр. Бүгінде қосымшаны 300 мыңға жуық қазақстандық пайдаланады.  Алайда оның жұмысы туралы пікірлер көңіл қуантарлық емес. Мәжіліс депутаттары да мобильді қосымшаны сынға алды. "Ashyq" жобасы кәсіпкерлерге каратинге қарамастан жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Ең бастысы қосымша жұқпалы аурудың таралуын азайтуға көмектеседі. Қосымша ПТР жалпы базасымен біріктірілген. Бұл жеке тұлғаның коронавируспен ауырғандығын немесе байланысты болғандығын анықтауға септігін тигізеді. «Аshyq» мобильді қосымшасын әркім өз еркімен қолданады және ол қауіпсіз орта қалыптастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, індеттің таралу қаупінен қорғауға бағытталған. "Ашық" жобасына қатысуға ниетті кәсіпкерлер "info.kazakhstan" сайты арқылы өтініш береді. Сонан соң оларға арнайы QR код беріледі. Сәйкесінше әр кәсіпкерлік нысанның кіреберісіне QR код жүйесі орнатылады. Келушілер мобильді қосымшаны алдымен телефонға жүктеп, нөмірі бойынша тіркелуі тиіс. Кейін QR-кодты сканерлеп, ЖСН нөмірін енгізеді. Сол кезде 4 түстің біреуі жанады. Бірақ қосымшаны жүктеп алған пайдаланушылар қосымшаны тіркеу және кіру кезінде де қиындықтарға тап болған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мәлімдеді. Бұл бағдарламаның азаматтардың жеке деректерін жинайтындығы халық қалаулыларының наразылығын тудырды. Сонымен қатар депутаттың айтуынша, қосымшаның ішінде пайдалы ақпарат жоқ. Тек "кіруді тіркеу" және "шығуды тіркеу" деген екі сілтеме бар. Қосымшаны қолдана отырып баруға болатын нысандардың тізімі жоқ, мекемеге барар алдында мәртебеңізді тексеруге мүмкіндік жоқ және техникалық қолдау қызметімен байланысуға сілтеме жоқ. Оның пікірінше, ең бастысы қосымша тұлғаның нақты қай санатқа жататынын көрсетпейді. «Мысалы, теріс ПТР тестілеу нәтижелері бар пайдаланушылар көк түспен белгіленеді. Ал олар  жасыл түспен белгіленуі керек. Бұл қосымшаның деректер базасының дұрыс еместігін немесе олардың уақтылы жаңартылмағанын көрсетеді. Мұндай қателіктер қосымшаны қолданғысы келетіндердің қатарын азайтады», - дейді депутат. Сонымен қатар, екі айдың ішінде мобильді қосымшаға үш мыңға жуық шағым түскен. Жобаға қатысудан бас тартқан кәсіпкерлер де бар. Жақында депутаттар жауапты министрлікке барлық ескертулерді ескере отырып, қосымшаны жетілдіру туралы өтініш білдірді. Естеріңізге сала кетейік, "Ashyq" жобасына кәсіпкерлер ерікті түрде қатысады. Кәсіпкерлер қалаған уақытында оны қолданудан  бас тарта алады.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар