ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

Алаш қайраткерінің туғанына 150 жыл

17:15, 19 мамыр 2022

Алаш қайраткері, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтой ЮНЕСКО көлемінде атап  өтіледі. Глубокое аудандық «Абай атындағы мәдениет» үйінде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған облыстық семинар өтті. Семинарға Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан келген тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, ұстаздар қауымы мен тіл жанашырлары қатысты.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлт азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын және қазақ тіл білімі мен әдебиетінің негізін қалаушы, публицист. Өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Шараның өскелең ұрпақ арасында патриотизмді насихаттауда маңызы зор.

Басқосуда ұлт ұстазы болған ағартушының өмірбаяны баяндалып қана қоймай, тіл жанашырлары өзара тәжірибе алмасты. Заманауи технологиялардың гибридті формасы көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда андрагогика саласында тілді оқытуда қолданатын жаңа тәсілдер түсіндірілді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған мұралары күні бүгінге дейін еліміздің рухани құндылығына тірек болды.

Семинар ән шашумен жалғасты. Сахна төрінде ақынның ел арасына кеңінен тараған әндерінің бірі – «Қараторғай» шырқалды.

Бұл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралардың бастамасы ғана. Жыл соңына дейін тек облыс көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде өтетін түрлі басқосулармен жалғасын таппақ.

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар