
Міне, қызық! Жері негізінен шөлейтті саналатын Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылындағы мектептің жылыжайында тропикалық жемістер өсірілуде. Қымызымен танымал аудан енді банан, анар, лимон, мандарин өсіруді қолға алған. Осыдан бес жыл бұрын мектеп директоры жылыжайға бірнеше тропикалық өсімдіктерді әкеліп, отырғызған екен. Алайда, бастапқы екі жыл көшеттер мектеп дәлізінде тұрғандықтан өсуі баяулаған. Кейін тропикалық өсімдіктер жылыжайға ауыстырылғаннан соң біртіндеп өнім бере бастаған. Бүгінде жемістерді күтіп, баптау жұмысын оқушылар мен ұстаздар өз мойнына алған. Алғашында биіктігі 20-30 см болған банан ағашы небәрі екі-үш айдың ішінде 1,5 – 2 метрге лезде көтеріліп өскен. Мектеп ұжымы бананның жоғарғы температурада, жылуды сүйгіш өсімдік екендігін осыдан кейін бірден аңғарған. Жыл он екі ай жылуды қажет ететін өсімдікке әсіресе қыста қажетті температураны ұстап тұру қиынның қиыны. Әсіресе жапырағы жайылып өсетін ағашқа болашақта арнайы бөлек орын болмаса, аядай жылыжайда банан ағашына таршылық етуде. Мектеп басшылығы болашақта ауқымы 60 шаршы метр болатын жылыжайды ұлғайтуды жоспарлап отыр. Себебі мұнда тропикалық жемістермен қатар, раушан гүлі мен қияр да өседі.