
Риддерліктер де 9 мамыр Жеңіс күнін атап өтті. Салтанатты шара Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Қала әкімі Дмитрий Горьковой бастаған әскерилер, ардагерлер мен қала жұртшылығы Мәңгілік алау алдында тағзым етті.
Бүгінде Риддер қаласында сұрапыл соғыстың төрт-ақ ардагері қалды. Қан майданда өмірін қатерге тігіп, Отан үшін айқасқан батырлардың ерлігі мәңгілік халық жадында. «Оларды ұлықтап, келешек ұрпаққа таныту біздің азаматтық парызымыз» , - дейді Риддер қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Клавдия Шушакова.
Жеңістің 77 жылдығын тойлауға қала халқы түгелдей дерлік жиналған. Себебі, әр шаңырақта Жеңіске қол жеткізуге елеулі үлес қосқан жандар бар. Солардың бірі – Жібек Нұғыманқызы. Жастайынан еңбекке араласып, тылда жүріп жеңіс үшін қажеттің бәрін істеді. Аштықты да, жоқшылықты да көрді. Тоқсанның тоғызын алқымдаған кейуананың бір ғана тілегі бар. Ол – ел мен жердің амандығы, бейбіт күннің берекесі.
Ал салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласып, мерекелік отшашумен аяқталды.