
Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 2020 жыл бойынша атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Аталған департамент басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдиннің сөзінше «Шығыс-Адалдық алаңы» жобасы тұрмыстық жемқорлықты азайтып, тұрғындардың күнделікті өмірін қауіпсіз етуге және қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған. Жемқорлықпен күрес кеңсесінің өкілдері облыстағы барлық қала мен аудандарда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде жұмыс істеуде. Аймақтағы қала және аудан әкімдіктері «Ашық әкімдік» форматындағы қызметтік үлгіге көшкен. Бұл өз кезегінде азаматтарға мемлекеттік қызметтер мен кеңес алуға үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ «Ашық бюджет» бағыты бойынша тұрғындар мемлекет қаржысы қалай жұмсалғандығын байқай алады. Агенттіктің бастауымен «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жүзеге аспақ. Бүгінде ол алаңда жалпы мөлшері 1 трлн.теңгеден асатын 4 мыңнан аса бюджет жарияланған. Бұдан басқа облыста 578 өзіне-өзі қызмет ету бұрышы ашылып, 800 мыңнан аса электронды қызмет көрсетілген.