
Жер кодексі бойынша мәселелерді шешу амалдары әлі де жетілдіруді қажет етеді. Мардымды жұмыс атқарылмай жатыр. Мәжіліс депутаты Айбек Паяев Үкімет басшысына осылай деп сауал жолдады. Жер кодексіне жарияланған мораторийдің аяқталуына жылдан аз уақыт қалды. Осы аралықта аталған заң нормаларын егжей-тегжейлі қарап, бір жақты етуге мүмкіндік болған еді. Бірақ, бүгінге дейін тындырымды іс жоқ. Бұл ретте Президенттің «Жер шетелдіктерге сатылмайды. Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс»,-деген тапсырмасы негізге алынуы керек. Бұл мәселе мәжілісте осымен екінші рет көтеріліп отыр. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, біз, Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін осы жылдың 1 шілдесіне дейін тез арада Жер туралы Заңды қабылдауымыз керек.