
Былтыр облыста бюджет қаражаты қалай үнемделді? Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бағытында қандай жұмыстар жүргізілді? Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жылды қорытындылаған жиынында айтылды. Департамент өкілдерінің айтуынша, 2020 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 12 мониторинг жүргізіліпті. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін 4 қала мен 15 аудан әкімдіктерінде «Ашық әкімдік» қызметі іске қосылған. Мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін 111 фронт кеңсе ашылыпты. Брифингте қаладағы жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында қолға алынған «Сапалы жол» жобасы туралы да айтылды. Жоба шеңберінде жергілікті маңызы бар жолдарға 53 бақылау жүргізіліп, 39 ақау анықталып, кемшіліктер жойылыпты. Қазіргі уақытта жолды қысқы уақыттағы күтіміне мониторинг жүргізілуде. Жиында өңірлік ақпараттық-ағартушылық штабының жұмысы да сөз болды. Департамент өкілдері өткен жылы жүргізген зерттеулерінің қорытындысын да жария етті. Зерттеу қорытындысы бойынша өңірдегі азаматтардың 44,5% -ы және кәсіпкерлердің 48,1% -ы 2020 жылы облыста сыбайлас жемқорлықтың төмендегенін көрсетіпті.