
10 қаңтарда елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өткені белгілі. Ал 11 қаңтарда Төменгі палатаға Қазақстан халқы ассамблеясы атынан мәжіліс депутаттығына үміткерлерге дауыс беру рәсімі өтті. Осы шараға Шығыс Қазақстаннан арнайы делегация барып қайтқан болатын. Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында өткен дауыс беру рәсіміне еліміздің барлық өңірлерінен республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымнан құралған ҚХА мүшелерінің делегациялары келді. Жалпы, дауыс беруге Ассамблеяның 351 мүшесі қатысқан. Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш болып дауыс берген болатын. Осы шараға қатысып, дауыс берген шығысқазақстандық делегация жақсы көңіл-күймен оралғандарын жеткізді. Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл ретте Қазақстан халқы ассамблеясының Шығыс Қазақстан облысындағы өкілдігі бірқатар шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.