
Облыс орталығында сайлау учаскелері таңғы сағат 07*00-ден 20-00-ге дейін жұмыс істеді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов алғашқылардың бірі болып Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берді. №9 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасаған өңір басшысы егеменді ел мен ұрпақ алдындағы азаматтық парызын орындаған қала тұрғындарының белсенділігін жоғары бағалады. Жексенбінің таңында, дауыс бергендер арасында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Спортшы өзінің азаматтық парызын орындау үшін № 47 мектепте орналасқан №2 сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасады. Ол елдегі бірде-бір сайлау науқанынан қалыс қалмайтынын айтты. Елде өткен саяси науқанға алғаш рет қатысып отырған жастар да бар. Мәселен, тұңғыш рет дауыс берушілердің бірі - Дина Шерубаева, сайлау учаскесіне анасымен бірге келді. Өміріндегі алғашқы сайлауына қатысқан Артур Сәдуақасов та өз таңдауын жасады. Ел болашағына сенімді жас азаматтық позициямды білдіру - келешекке деген нақты қадамым дейді. Бүгін денсаулығына байланысты үйлерінде отырған ардагерлер мен зейнеткерлер де таңдау жасауға мүмкіндік алды. Солардың қатарында Өскеменнің 100 жастағы тұрғыны, ардагер ұстаз Хауа Бұланбаева да бар. Қарияның дауыс беру процессі үй жағдайында ұйымдастырылып, бюллетендер оның тұрғылықты мекен-жайына жекізілді. Қорыта келгенде, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына қоғамның барлық өкілдері қатысты. Себебі елдің де, ердің де ертеңі бүгінгі таңдаумен тікелей байланысты.