
Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде отандық медицинаны дамыту бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Көптеген емдеу нысандары бой көтерді. Ал Шығыс Қазақстанның денсаулық сақтау саласында қандай жұмыстар атқарылды? Отыз жылда облыстың медицина саласында аз жұмыс атқарылған жоқ. Денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сондай мекемелердің бірі – Өскемендегі «Ана мен бала орталығы». Емдеу орны соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған. Орталық басшысының айтуынша, аурухананы жабдықтауға соңғы жылдары 5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Облыс орталығындағы кешенді медициналық мекеме жылына 9000-ға жуық нәзік жандыларға қызмет көрсетеді. Өңірлік бағдарлама аясында орталықтың дәрігерлері 3-тен 6 айға дейінгі мерзімге шетелге барып, тәжірибе жинақтап қайтады. Өңірде барлық медициналық мекемелерге көңіл бөлінеді. Мемлекет тарапынан ана мен бала, кардиохирургия, санитарлық авиация, онкология орталықтарына қажет медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер уақтылы сатып алынып, қамтамасыз етіледі. Дәрігерлер еліміздің денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар біраз жылдардан кейін оң нәтиже беретініне сенімді.