
Өскеменде гематология орталығының құрылысы жалғасуда. Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов нысанның құрылыс барысымен танысып қайтты. Нысан екі ғимараттан тұрады: негізгі және пансионат. Негізгі корпус ғимараты 5 блокқа бөлінген. Мәселен, Б блогында жілік майын трансплантациялайтын балалар бөлімшесі, сондай-ақ балаларға арналған стационар және клиникалық-диагностикалық зертхана орналасады. Жілік майын трансплантациялайтын ересектерге арналған бөлім В блогында болады. Сол жерде үлкендер стационары, диагностикалық және амбулаториялық бөлімше ашылады. Сәулелік диагностика және термотерапия бөлімшелері, трансфузиология орталығы, полимеразды және тізбекті реакция зертханасы, операциялық бөлім және цитостатиктерді орталықтандырылған өсіру Г блогында орын тебеді. Патоморфологиялық және цитологиялық бөлімдер, FISH және генетикалық зертхана, лимфомасоматика және хирургия стационары Д блогында болады. Сонымен қатар, жобада ойын бөлмесі, психолог кабинеті, оқу сыныптары, конференция және топтық сабақтар залы, арнайы ас бөлмесі де қарастырылған. Облыс әкімінің айтуынша, биыл барлық 5 блок бой көтереді. Негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары орындалады. Алдағы уақытта аталған орталықта жоғары технологиялық медициналық қызметтерді пайдалана отырып, ең үздік халықаралық тәжірибе енгізілетін болады.