
Адамзат баласын алаңдатқан мәселенің бірі – энергетикалық тапшылық.
Уақыт өткен сайын қарқынды дамыған экономика үшін энергия өндіру сұранысы артуда. Сондықтан да әлем елдері баламалы қуат көзін жандандыру – тығырықтан шығар жол деп біледі. Осы маңызды мәселенің шешу жолдарын Астана «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде көруге болады. «Болашақтың энергиясы» ұранымен өтіп жатқан шараның аяқталуына бірер күн қалды. Соған қарамастан көрмені тамашалауға асығатын халық саны әлі де тыйылар емес.
28 тамыздан 3 қыркүйекке дейін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін 398 341 адам, яғни орта есеппен алғанда, күніне 56 905 адам көріп шықты. Рекордтық сан 3 қыркүйекте тіркелген: көрмеге 75 мың адам келді. Ресми сайттан алынған мағлұматтарға сүйенсек, жалпы көрмені 3 жарым млн. астам адам тамашалапты. Қазақстандықтармен, ел қонақтарын қызықтырған халықаралық павильондар арасында Мысыр, Африка Плазасы, Түркия павильондары көш бастап тұр. Ал ең көп тамашаланатын нысандар қатарында «Нұр-Әлем», Коммерциялық павильондар, «Шелл» балалар лабораториясы, балалар саябағы және Дю Солей Циркі бар. Көрменің соңғы күндерін пайдалынып ЭКСПО-ға барып келгендердің бірі өскемендік Арман Қалижаров - алған әсерімен бөлісті.