ШҰҒЫЛ! ЖАҢА ҚАУЛЫ Толығырақ

ЖОО ДИПЛОМЫ ЖАҢА ҮЛГІДЕ БЕРІЛЕ БАСТАЙДЫ

17:17, 3 наурыз 2021

Биылдан бастап мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді. Білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес университеттерде жеке үлгідегі диплом беру туралы норма күшіне енеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті. Жаңашылдықтың көздегені не? Сарапшылардың пікірі қандай? Әріптесім Меруерт Расулова анықтады. Көптің көзі үйренген мемлекеттік үлгідегі дипломдар биылдан бастап берілмейді. Енді әр университет түлектеріне өзіндік үлгідегі құжат табыстайтын болады. Білім саласындағы бұл жаңашылдық жұмыс берушілерге маман даярлау сапасын бағалауға мүмкіндік беруді көздейді. Жергілікті техникалық университеттің проректоры Жадыра Қоңырбаеваның айтуынша, жаңа үлгідегі дипломдар ЖОО-ның айнасына айналып, нарықтағы беделін айқындауға жол ашады. Биылдан бастап берілетін жеке үлгідегі дипломның бірегей сәйкестендіру нөмірі болады. Ол нақты студентке бекітіліп, Ұлттық білім берудің деректер базасында сақталады. Бұл кез-келген жағдайда құжаттың түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік бермек. Демек, еңбек нарығында «сатып алынған» диплом иелері мен сапасыз білім беретін университеттер саны азаяды. Сарапшылар білім саласындағы жаңашылдықтан сескенуге негіз жоқ,- дейді. Себебі, студенттеріне сапалы білім беретін университеттердің түлектері жұмыссыз қалмайды. Мәселен, жергілікті техникалық ЖОО заманауи білім беруді қолға алып келеді. Дәл қазір қос дипломды оқу бағдарламасы аясында шетелдік университеттермен келісім жүргізілуде. Бұл өз кезегінде отандық студенттердің шетел нарығында да бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ. Мамандар университеттердің өзара бәсекелестігі сапаға жол ашатынына сенімді. Яғни, әлемнің үздік ЖОО-ның позициясына ілігу үшін жаңашылдыққа ұмтылып, заман көшінен қалмауға стимул бар. Осылайша жеке үлгідегі дипломдарды енгізу арқылы әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады.

Тақырып бойынша материалдар

ТӨРТІНШІ ТОҚСАНДА ОҚУШЫЛАР ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?
17:17, 26 наурыз 2021
ТӨРТІНШІ ТОҚСАНДА ОҚУШЫЛАР ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?
Толығырақ...
ГРАНТТЫ ӨТЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ
13:30, 15 наурыз 2021
ГРАНТТЫ ӨТЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар