
Мектеп оқушылары үшін 3-і тоқсан басталды. Елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты бастауыш сыныптар ғана емес, енді 5 сынып оқушылары кезекші сыныптарға жазылу арқылы мектепке барып оқи алады. Ал 9 және 11 сынып оқушылары бұрынғыдай оқи бермек. Оқу ордалары оқушыларды қабылдауға қаншалықты дайын? Мұны әріптесім Еркелді біліп қайтты. 2020-2021 оқу жылында бастауыш сыныптар ғана ата-аналарының өтініші арқылы кезекші сыныптарға жазылу арқылы мектепке барып оқу мүмкіндігін алған болатын. Алайда, жоғары сынып оқушылары да мектепке баруға өтініш білдірген-ді. Осылайша, енді 5-і сынып оқушылары бұрынғыдай партада отырып білім алатын болады. Сонымен қатар 3-і тоқсаннан бастап 9 бен 11-і сынып оқушылары да мектепке барып оқиды. Себебі, жасөспірімдердің колледж және жоғары оқу орнына түсер алдында дайындығын мұғалімдер тікелей бақылауы тиіс. Өңіріміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес мектептегі асханалардың жұмыс істеуіне де рұқсат берілді. Айта кетейік, кеше елімізде Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өтті. Қаламыздағы 50-ге жуық мектептің 46-сында сайлау учаскелері құрылған болатын. Оқушыларды қауіпті індеттен сақтау мақсатында барлық мектептерде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.