
Техникалық және кәсіптік білім алған студенттер далада қалмайды. Қазіргі еңбек нарығы оқу кезеңінен бастап өндіріске жақын мамандарға мұқтаж. Кәсіптік бағытта білім алатын студенттерді қолдау мақсатында «Казцинк» компаниясы Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжіне 17 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұл қаражат толығымен жаңа жабдықтар алуға жұмсалмақ. «Казцинк» ЖШС мен Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің өзара әріптестіктеріне биыл 17 жыл. Осы уақыт ішінде өңірдің ірі компаниясы оқу орнын жан-жақты қолдап, болашақ мамандардың сапалы білім алуына септігін тиігізіп келеді. Тек соңғы 5 жылда колледждің 200-ге жуық студенті «Казцинк» компаниясының қызметкері атанған. Компания мамандары болашақ кадр дайындау ісіне белсене ат салысады. Өндіріс орынындағы тәжірибеден бөлек, теориялық білім беруде оқу үрдісіне тікелей араласып, дәрістер жиі оқиды. Ал студенттердің өндіріске бейімділігін арттыру үшін колледж зертханасындағы жабдықтардың пайдасы мол. «Казцинк» ұсынған 17 млн теңгенің сертификаты қажетті құрылғылардың қатарын арттыруға бағытталған. Биыл кәсіптік бағытта білім беру саласына 80 жыл. Осы мерекеге орайластырылған үлкен сыйға колледж әкімшілігі болашақ металлургтерді дайындауда қолданатын соңғы үлгідегі құрылғыларды жыл соңына дейін алуды жоспарлап отыр.