
Практикалық қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша авторлық бағдарлама әзірленеді. Соның негізінде 1 шілдеден бастап орыс тілді мектептерде қазақ тілінен сабақ беретін 200 мұғалімнің курстық даярлығы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап практикалық қазақ тілін оқытудың тереңдетілген бағдарламасы 100 жетекші мектептің оқу процесіне енгізіледі. Мектептерде мемлекеттік тілді оқыту сапасы бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі. Жуықта облыстағы жұмыс тобы көптілді білім беруді дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын жетілдірудің негізінде орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқыту мәселелерін талқыланды. Қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту қажеттілігін өңірлік жұмыс тобының құрамына енген жоғары оқу орындарының жетекші оқытушы-сарапшылары мен ғылыми қызметкерлері, облыс мектептерінің практик-мұғалімдері де растап отыр. Көптілділікті дамытудың 2022 – 2024 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын іске асыруға тілдік пәндердің 3 600 педагогы, оның ішінде қазақ, орыс, ағылшын, француз және неміс тілдерінің оқытушылары да кіреді.