
Үржар ауданының Мақаншы ауылында 128 орындық балабақша облыстық бюджеттің есебінен күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енді. Әлеуметтік нысан жыл соңында ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта ауылда бұған қосымша тағы да бүлдіршіндерге арналған ғимарат бой көтереді деп күтілуде. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл ғимараттың іргетасы кеңестік заманда қаланған. Бастапқыда «Шынар» балабақшасы деп аталған. 1995 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта мектеп қызметін атқарды. 2019 жылы әбден ескіріп, тозығы жеткен мекеме қайтадан жаңартылып, іші-сырты жөнделді. Алдағы уақытта бұрынғыдай балабақша ретінде халыққа қызмет көрсетеді. Жөндеуден өткен мектепке дейінгі білім беру ұйымында 8 топ болады. 10 бала ясли-бақшаға келсе, ал 118-і жастарына байланысты кіші, орта және үлкен топтарға бөлінеді. Жергілікті әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, Мақаншыда балабақша жетіспеушілігі өзекті мәселе. Осыған байланысты шекаралық елдімекенде бүлдіршіндерге арналған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының құрылыс жұмыстары әлі де жалғасады.