
Өскемендегі Пушкин атындағы кітапханада «Әр отбасының өз батыры бар» жинағының тұсаукесері өтті. Жинаққа Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мүшелері арасында өткен байқау қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған 74 жұмыс енген. Мұғалімдердің қазақ және орыс тілдерінде жазған шығармаларының арасында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің өмірі мен ерліктері туралы тың ақпараттар бар. Жинақты құрастырушы зайсандық журналист - Еркебұлан Зағыпаров. Мұғалімдер өз еңбектерінде әкелері, аталары туралы естеліктерімен бөліседі. Олар жақын жандарының соғыс кезіндегі батырлықтарын баяндап, соғыстан кейінгі өмірлері туралы әңгімелейді. Жинақты құрастырушы Еркебұлан Зағыпаровтың айтуынша, әлі де өз отбасындағы батырлар туралы жазамын деушілер көп. Сондықтан алдағы уақытта кітаптың екінші томы жарық көруі де мүмкін.