ШҰҒЫЛ! ҚАР ТАЗАЛАУ ҚАРҚЫНЫ ҚАНДАЙ? Толығырақ

АУЫЛДЫҚТАР ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТТЫҢ ИГІЛІГІН КӨРУДЕ

13:32, 28 желтоқсан 2020

 

Биыл Семейде «Еңбек» бағдарламасы аясында 218 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Оның 89-ы ауылдық елді-мекен тұрғындары. Мемлекеттік қолдаудың арқасында табысы төмен ауыл азаматтары кәсіпкерліктің алғашқы қадамдарын жасап, бизнес-идеяларын жүзеге асыруда. Шағын грантқа ие болған ауылдықтардың көпшілігі – мал шаруашылығына ден қойып отыр.

Озерки ауылының тұрғыны Мейрам Тұрсынов биыл кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсынан өтіп, бизнес жобасын сәтті қорғады. Осылайша 555 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізіп, 10 ешкі сатып алған. Айтуынша, малдың бұл түрі өсімтал келеді. Көбінесе егізден  лақтайды. Күтіп, баптау үшін көп шығын да қажет емес,- дейді іскер азамат.

Мейрам Тұрсынов қора-жайын да малдың күтіміне ыңғайлы етіп жабдықтап қойған. Болашақта кәсібін ілгерілетіп, ешкі тұқымын асылдандырсам дейді. Сүтті ешкілерді көбейтіп,  тұрғындарды табиғи таза өніммен қамтамасыз етуге ниетті. Қазірдің өзінде  тұтынушылар тарапынан тәп-тәуір сұраныс бар.  

Еңбек бағдарламасының шарапатын көріп отырған тағы бір азамат Марат Ермағамбетов. Бұған дейін жеке меншік мекемеде күзетші болып қызмет еткен ол пандемияның салдарынан  жұмыссыз қалған. Тұрақты табысынан айрылған азамат мемлекеттік қолдауға жүгініп, нәтижесінде шағын грантқа қол жеткізді. Ата кәсіп - қой өсіруді қолға алған Марат Ермағамбетовтың ісі алға басып, қорадағы малы төлдей бастаған.

Биыл Семейде «Еңбек» бағдарламасы аясында 218 адамға қайтарымсыз грант берілген. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 121 млн теңге бөлініп, игерілді. Жұмыспен қамту орталығының ақпаратына сәйкес, қаражатқа қол жеткізгендердің 89-ы ауыл тұрғындары. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмыссыз ауыл азаматтары өз ісін бастап, кәсібін дөңгелетіп отыр, - дейді орталық мамандары.

Игілікті бағдарлама келер жылы да жалғасын таппақ. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, 2021 жылы тағы да 200-ден астам адамға қайтарымсыз қаражат беру жоспарланып отыр. Алдағы жылы елімізде айлық есептік көрсеткіш көлемі өсетіндіктен, грант қаржысы да ұлғаятын болады.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар