ШҰҒЫЛ! Қайғылы жағдай Толығырақ

КӨКЖОТАЛЫҚ КӨКПАРШЫЛАР

17:15, 15 ақпан 2021

Көкпекті ауданының Көкжота ауылында аудандық сайыстар былай тұрсын, республикалық додаларда жүлделі болып жүрген көкпаршылар мектебі бар. Ұлттық спорттың дамуына әрі жастар арасында кеңінен насихатталуына септесіп жүрген жандардың бірі – Қанат Биқатов. Ол баптайтын аудандық құраманың жігіттері ұлттық құрама сапында да өнер көрсетуде. Көкжота ауылындағы ескі мектептің ғимараты ат спорты мектебінің иелігіне беріліп, қазіргі таңда ауыл жастары аудан намысын абыроймен қорғап келеді.  Алақандай ғана ауылдан бес бірдей чемпион көкпаршылар қанат қаққан. Бұған дейін көкжоталық көкпаршыларды өз ісінің майталманы, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын арда азамат Дархан Рәпеков баптаған көрінеді. Ал қазір Көкпектіде жасақталған құраманы тәжірибелі бапкер Қанат Биқатов түрлі додаларға дайындап жүр. Бұл ауылдағы спорт мектебі 2007 жылы құрылды. Осы жерде көкпар аттары күтімде. Қанат Биқатовтың айтуынша ат пен оны тізгіндеген спортшы дода басталған кезде бір-бірімен үндесе білуі керек. Шабандоздың астындағы аты иесінің ойын бірден түсініп, ұрымтал сәттерде кілт солға, оңға бұрылып, қарсыласын қапы қалдыруы тиіс. Әрине, мұның барлығы ұзақ еңбекпен келетін дүние дейді бапкер. Көкпар десе көңілі елегізіп, делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем шығар Көшпенділердің көне құндылығын жастардың бойына сіңдіріп жүрген бұл мектептің  ұлттық спортқа қосып жүрген үлестері орасан зор.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар