ШҰҒЫЛ! ЖАҢА ҚАУЛЫ Толығырақ

«ДАЛА ИІСІ» КӨРМЕСІ

13:38, 1 сәуір 2021

Өскемендегі Өнер мұражайында семейлік суретші, Қазақстан республикасы Дизайнерлер Одағының мүшесі Маржан Бақытбекованың жеке көрмесі өтті. «Дала иісі» экспозициясы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған. Көрмеде еліміздің көне заманнан бергі тарихы мен мәдениеті және қазіргі уақыттағы әлеуметтік мәселелерін қамтитын бірегей жұмыстар  қойылған. Көрмеге ұсынылған жұмыстар кескіндеме, графика, қолданбалы қолөнер техникасында орындалған. Әдемілікті көз алдыңа келтіретін шуақты көктемнің айшықты көріністері  бейнеленген. Сонымен қоса тарихи, мәдени, саяси бағыттағы күрделі тақырыптарды да қамтыған. Автордың стилі ерекше. Музей қызметкерлерінің айтуынша әрбір жұмыстан суретшінің мінезі мен өмірге деген көзқарасы анық көрінеді. Қылқалам шебері көрерменімен сырласып, ой бөліседі. Картиналардан әйел жанына тән сұлулыққа құштарлық, нәзіктік пен ерлер бойындағы өткірлік байқалады. Туындылар ежелгі заман тарихынан бастап ортағасырлар кезеңі, елімізге мұсылман дінінің келуінен де сыр шертеді. Ұлы Абайдың өмірі, екінші дүние жүзілік соғыс жылдары, Тәуелсіз Қазақстан дәуірі. Көрмеден ежелгі түркі кезеңіне тән тастан қашап жасалған адам мүсіндері, балбал тастар мен халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерін де көруге болады. Көрмеден сәндік-қолданбалы өнер туындыларын да көруге болады.  Шебердің қолына түскен қарапайым заттар түрлі бұйымдарға айналған. Автордың көп уақытын жұмсап, ерекше ықыласпен жасаған еңбегінің жемісі. «Дала иісі» көрмесі сәуір айының аяғына дейін жалғасады.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар