
Шайбалы хоккейден ҚР чемпионатында қатарынан жеті жеңісті еншіліген атыраулық «Бейбарысқа» өскемендік «Торпедо» тойтарыс берді. Кездесудің барысы жайында келесі бейнематериалда. Бұл кездесудегі алғашқы шайбаны 9 минутта «Торпедо» салды. Шабуылға түгелдей ұмтылған атыраулықтар өз алаңдарын ұмыт қалдырды. Жағдайды ұтымды пайдаланған Тымченко есеп ашты. Бірінші кезең осы есеппен аяқталды. Өскемендік өрендер тек екінші кезеңде есепті еселеді. Шин мен Савицкий өзара пас алмасып есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші өткізілген шайбадан соң «Бейбарыс» ойыншылары шабуылдарын үдете түсті. Төгілген тер еш кетпей 48-ші минутта ағайынды Ананичевтер есепті қысқартты. Бірақ матч соңындағы атыраулық екі ойыншының шеттетілуі команданың бар мүмкіндігін жоққа шығарды. Осылайша есеп еш өзгеріссіз 2:1 болып қалды. Айта кетейік, бүгін 17:00-де командалар екінші кездесуін өткізеді.