Ольга Рыпакованың кезекті жеңісі

21:15, 28 тамыз 2017

«Бриллиант лигасы» финалында жеңіске жеткен қазақстандық жеңіл атлетші Ольга Рыпакова туған жері Өскеменге оралды.

Талантты спортшыны оның жақындары, достары мен жанкүйерлері қарсы алды. Ольга Рыпакованы аймақтың спорт саласы өкілдері, жақын достары мен туыстары, жанкүйерлері әуежайдан қарсы алды. Кезекті жеңісімен құттықтады.

Қазақстандық жеңіл атлетші Цюрихта өткен «Бриллиант лигасы» финалында жеңіс тұғырынан көрінді. Олимпиада ойындарының 3 мәрте медаль иегері үш қарғып секіру барысында тамаша өнер көрсетті. Талантты спортшы 14 метр 55 сантиметр көрсеткішпен қарсыластарынан басым түсті.
Бұл шығысқазақстандық спортшының «Бриллиант лигасындағы» алғашқы жеңісі емес. 2012 жылы Ольга Рыпакова дәл осы жарыста бірінші орын иеленген болатын. Өзінің жеңісі үшін жерлесіміз 50 мың АҚШ доллары мен 4 қаратты бриллиантқа ие болды. Даңқты спортшының жеңісі бүгінде өңірде жеңіл атлетиканың дамуына зор ықпал етіп отыр.
Айта кету керек, тамыз айының ортасында Лондонда өткен әлем чемионатында Ольга Рыпакова «қола» медалін иеленген болатын.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар