
Өскемендік «Алтай Торпедо» хоккей клубы өз алаңында көкшетаудан келген «Арлан» құрамасын қабылдады. Ерлер арасындағы ел біріншілігі Борис Александров атындағы Спорт сарайында өтті. Бұл жеңіс «Алтай Торпедо» командасының 6 ойынға созылған жеңіліс сериясын аяқтауға мүмкіндік берді. Жеңістің ауылы алыс еместігін бірден сезген өскемендіктер қарсыластарына ес жинауға мұрша бермей шабуылдарын жиілете түсті. Дегенмен қарымта шабуылда есепті алғаш болып қонақтар ашты. Қонақтардың қуанышы көпке созылмады, небәрі он минуттан кейін есеп теңесті. Қарсылас қақпасынан саңылау тапқан өскемендіктер таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді. Алайда, қонақтар оңай шағылар жаңғақ еместігін тартысты шабуыл барысында аңғартты. Үшінші кезеңнің екінші жартысы шабуылға толы болды. Екі құрама да алма кезек шайба салды. Ал ойындағы соңғы нүктені Даниил Тихомиров қойды. Есеп осылайша 6:2 нәтижесімен аяқталды. Осылайша «Алтай Торпедо» турнирлік кестеде 7 сатыға көтерілді. Енді өскемендіктер сырт алаңда екі кездесу өткізеді. Алматы және Қарағанды қалаларында. Сондай-ақ өскемендік «Торпедо» құрамасы апта соңында өз алаңында қарағандылық «Теміртау» мен Рудный қаласының «Горняк» құрамаларымен күш сынасады.