ШҰҒЫЛ! ҒАЖАЙЫП ТАРИХИ КЕШЕН Толығырақ

ЖАС ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР

18:47, 15 мамыр 2018

Өскемендегі қала мектептерінің 150-ден аса оқушысы жас өрт сөндірушілер байқауына қатысып, үздік топты анықтады. Бұл шараны қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы мен білім беру бөлімі ұйымдастырды. Оқушылар өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша білімін, құтқарушылардың жұмысын көрсетті.

Ұл мен қызы аралас жасөспірімдер өрт шыққан жерге көмекке асығып барады. Бұл - оқу-жаттығудың оқушыларға берілген тапсырмасы. Бірақ ойын деп қарап тұруға уақыт жоқ, жас өрт сөндірушілер бәрін шынайы қабылдап, құтқару жұмыстарына кіріскен. Жалындаған отқа су шашып, адамдарды қауіпсіз аймаққа шығарды.

ВЛАДИСЛАВ СМОЛЬЯНИНОВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

«Біздің топта 10 адам. Қыздар да бар. Әркімге жеке жауапкершілік жүктелген. Біз өрт сөндіру эстафетасына қатыстық. Қыздар дәрігерлік көмек көрсетті. Мен су шашып, доптарды құлаттым».

Әр оқу жылында мектеп оқушылары өрт қауіпсіздігі ережелерімен танысып, алғашқы медициналық көмек көрсету амалдарын үйренеді. Бүгін сол  білгендерін тәжірибеде қолданды.

ТОМИРИС САДЫҚОВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

«Мен алғашқы медициналық көмек көрсетемін. Билет суырғанда қандай тапсырма орындауым керектігі белгілі болды. Төтенше жағдай кезінде жедел жәрдем көлігі келгенше, зардап шеккен адамның өмірін сақтап қалуға бар күшімді салдым».

Жас құтқарушылар төтенше жағдайға байланысты білімдерін  шығармашылық жағынан да көрсетті. Өздері қолдан жасаған өрт сөндіру құралдарының ерекшелігімен бөлісті.

ЭВЕЛИНА РЫБАЛКИНА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

«Өрт шыққанда не істеу керектігін кейбіреулер біле бермейді. Шу көтеріп, қашудың орнына құтқарушыларға хабарласу қажет».

Төрт кезеңнен тұратын байқауға қатысушылардың білімі жан-жақты сараланды.

МАРИНА ЛИСКОВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

«Бізде бұл байқау 13 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Онда оқушылардың бір жыл бойы алған білімдері тексеріледі. Төтенше жағдайға оқушылар қаншалықты дайын екенін көреміз. Бұл оқушылардың көпшілігі өз мектептерінде сабақ өтеді. Сонымен қатар қалалық жас құтқарушылар сыныбына да келеді. Биылғы байқауға 16 команда қатысты».

Байқау қорытындысы бойынша үздік танылған топ қыркүйек айында өтетін облыстық жас өрт сөндірушілер байқауында Өскемен қаласының намысын қорғайды.

ДӘУЛЕТ БАҚЫТБЕКҰЛЫ

 

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар