ШҰҒЫЛ! Төр – мұғалімдікі Толығырақ

Жаңа жылдағы өзгерістер

13:51, 6 қаңтар 2020

Қазақстандықтар үшін 2020 жыл оң өзгерістермен басталды. 1-ші қаңтардан бастап күшіне енген бірқатар заңдардағы толықтырулар зейнеткерлерге, студенттерге, кәсіпкерлер мен жүргізушілерге қатысты. Осы жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру енгізіліп, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау талаптары өзгерді. Сонымен қатар зейнетақы мен еңбекақы көлемі артты. Тақырыпты тілшілер сюжеті жалғастырады. Ағымдағы жылдың 1-қаңтарынан бастап АӘК алуда жаңа ережелер қабылданды. Аз қамтылған отбасыларға бұрынғыдай төлем жүргізіледі. Ал АӘК алушының әрбіреуі жіті тексеріледі. Мемлекеттік жәрдемақыға тоқсан сайын өтініш беру қарастырылды. Мәселен, жанұя төлемге 15 ақпанда өтініш берсе, онда жәрдемақы 1 ақпаннан бастап екі айға тағайындалады. Одан кейін келесі тоқсанда қайтадан өтінім беру қажет. Отбасының әр мүшесіне берілетін әлеуметтік төлем мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы арасындағы айырма ретінде анықталады. Жаңадан енгізілген өзгерістерге қатысты еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талап пен учаскелік комиссия жұмысы күшейтілді. Отбасының материалдық жағдайын тексеру 3-тен 7 күнге дейін ұзартылады. Осы жылдан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары барларға немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінің студенттері үшін жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл төлемдер отбасының табысына қарамастан жүзеге асырылады. 4 балаға - 42495 теңге; 5 балаға - 53126 теңге; 6 балаға - 63756 теңге; 7 және одан да көп балалар үшін 74387 теңге. Жұмыс істеу қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылғандар үшін әлеуметтік төлемдер көлемі 30 пайызға өседі. Жаңа жылдан ұстаздардың еңбекақысы 25, дәрігерлердікі 30, медбикелер табысы 20 пайызға артады. Оған қоса, әлеуметтік сала мен мәдениет, өнер, архив қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көтеріледі. Бірінші қаңтардан бастап орташа зейнетақы 7 және 5 пайызға өседі. Президенттің тапсырмасы бойынша, 1 қаңтардан бастап студенттер  шәкіртақысы 25% - ға артады.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар