
Семей қаласын дамытудың бас жоспары мен арнайы әзірленген егжей-тегейлі жобалау жоспарына сәйкес Аймауытов көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйлердің орнына көпқабатты ғимараттар салынбақ. Қазір осы аудандағы Жамақаев пен Аймауытов көшелерінің қиылысында алғашқы көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Аталмыш нысан жеке инвестициялар есебінен салынған. Мердігер компания екінші тұрғын үйдің құрылысын бастауда. Алайда жақын маңдағы жеке меншік үйлердің тұрғындары көпқабатты үйдің салынуына наразылық танытуда. Мәселенің жай-жапсарын семейлік әріптестерім анықтап көрді. Аймауытов көшесінде орналасқан жеке меншік сектордың жақын арада келбеті өзгереді. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің ақпаратына сәйкес, 2014 жылы жасалған егжей-тегжейлі жоспарға сәйкес, жеке жер үйлердің орнына көп қабатты тұрғын үйлер салынады. Айта кету керек, жобаны әзірлеу кезінде құрылыстың басталуына заңды негіз болатын қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Дегенмен жеке меншік сектордың тұрғындары бұл маңайда құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанына наразылық танытуда. Олардың айтуынша, көп қабатты нысандарды салу барысында қауіпсіздік ережелері бұзылуда. Алайда белгілі болғандай, инвестор Аймауытов көшесінің бойындағы тағы бірнеше жер телімін сатып алып, келесі көп қабатты нысанның құрылысын бастауға дайындалып жатыр. Өз кезегінде инвестор барлық жұмыстар заң аясында жүргізіліп жатқанын айтады. Оның атап өткеніндей, екінші нысанның құрылысы әлі басталған жоқ. Қазір тек құрылыс жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Сонымен қатар, белгіленген құрылыс алаңындағы кейбір үйлерді иелерінің келісуінсіз бұза аламыз, - дейді инвестор. Ал жеке меншік сектор тұрғындары болса, үйлерінің маңынан көп қабатты нысандарды салу құқығымызды бұзады деп отыр. Сондықтан алдағы уақытта олар өздерінің мүдделерін өкілетті орындар арқылы қорғауға ниетті.